Б.Ердәулет
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының жетекші маманы
Тәуелсіздіктің мызғымас мұрасы, бағалы құндылығы саналған Ата Заңымыз ел еңсесін тіктеуге, ел іргесін бекітуге айрықша ықпалын тигізді. Еліміздің Ата Заңында бірінші орында адам тұр. Бұл адам құқығының қорғалуына және шағымдануына мүмкіндік бермек. Әр қазақстандық өз құқығын білуге міндетті. Ата заң-құқықтарымыз бен бостандығымыздың кепілі. Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция. Ата Заң барлық құжаттардың қайнар көзі, бастауы болып табылады. Бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді. Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі. Еліміздің Ата заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат.
Ата заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Сондықтан құқықтық мемлекет, заңның жоғарғы мәртебелілігі, Конституцияның мызғымас беріктігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы екенін мойындауымыз керек. Татулық пен бейбітшіліктің мекені болып табылатын кең байтақ елімізде жүздеген ұлттар тұрады. Бүгінде олар достық туын жоғары көтере біліп, Қазақстан мемлекетінің экономикасын өркендетуге орасан еңбек сіңіріп келеді.
Ата Заң – бейбітшілік пен ынтымаққа, еркіндік пен теңдікке апаратын даңғыл жол. Тоғыз бөлімнен тұратын Ата Заңда еліміздің азаматтарына толық жағдай жасалған. Екінші бөлімнің 10-бабында “Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластатуға болмайтындығы” көрсетілген. Олардың өмір сүруіне, білім алуына, қызмет етуіне және зейнеткерлікке шығып демалуына барлық мүмкіндіктер жасалған.
Конституцияның қабылдануымен мемлекет пен азаматтық қоғам институттары қалыптасып, адамның құқығы мен бостандығының кепілдік берілді, елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуеті қарқынды дамыды. Шекарасы шегеленіп, алдағы күнге батыл жоспар құрған мемлекетте сот жүйесін жандандыру мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Үшінші биліктің матереиалдық жақтан мінсіз болуы, судьялардың талапқа сай қызметі уақыт өз шешімін тапты.
Сот үш биліктің біреуі. Конституцияның 7-бөлігі соттар және сот төрелігіне қатысты, онда Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады және Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды делінген.
Ата Заңымыз егеменді ел тарихы үлесіндегі аз уақытта үлкен сындардан сүрінбей өтіп, өзінің құқықтық құндылығын жоғары дәрежеде дәлелдей білді. Конституциялық заңнамаларға сәйкес барлық азаматтар тең құқылы. Егер олармен заң бұзушылық жіберілген жағдайда жауапкершілікке тартылып, жалпыға бірдей тәртіпте шартты жазасын алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабында Ата Заңның ең жоғары заң күші бар және республиканың барлық аумақтарына тікелей қызмет етеді деп айқын жазылған. Басқа да шығарылып жатқан нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық келісім-шарттар еліміздің ең басты құжатына қайшы келмеуі тиіс. Ал 74-баптың 1-тармағында Қазақстан Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық келісім-шарттарға қол қойылмайды делінген. Демек, Ата Заңымызда адам құқығы және бостандығының жоғары құндылығы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасы ретінде реттеледі.
Біздің Конституциямыз мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Ең бастысы, Ата Заңымыз Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді. Конституцияның тарихы тереңде. Дала заңынан бастау алған бұл құжат мемлекеттегі ең қымбат қазынасы адам және оның құқығы мен бостандығы деуімен де жанымызға жақын. Ата заңда адам өмірі мемлекеттің негізгі байлығы саналған соң елдегі заңнамалардың да ең алдымен азаматтардың мүддесіне бағытталып, халықтың игілігі үшін жасалатыны түсінікті.
Ата Заңымыз анықтап берген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетімізде татулық пен бірлік, бейбітшілік пен тұрақтылық, құт-береке болсын, көк байрағымыз ашық аспан астында желбірей берсін.