«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауына
Қазақ тілінің жүрегі де, қаны мен жаны да – ол баспасөз екен. Өйткені «Ана тілі» деген дәл осы атпен газет шыққанда ерекше толқып, алпыс екі тамырым босап, тебіренгенім әлі есте. Себебі, дүниеге келгеннен бастап анаңның әлдиін естіп ұйығып ұйқыға кетесің, сәл ес білгенде оның мейірлене еркелеткен еркелігіне масайрайсың, бал тіліңді шығарып, әр заттың атауын айтып үйрететін де сол анаңның үні емес пе. Міне, сол бір қасиетті де, құдіретті анаңдай үн қататын басылым жарқ етіп шықты. Жарыққа шығысымен дүйім қазақ баласын анасындай баурап алды.
Алтындай жарқыраған басылымның тарихы былай басталған болатын. Сонау 1989 жылы елімізде мемлекеттік мәртебе алған тілімізді өркендету мақсатында «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, оның басшысы болып, Тіл білімі институтының директоры, академик абыз ақсақал Әбдуәлі Қайдар сайланды. Оның орынбасары болып Өмірзақ Айтбайұлы тағайындалды. Ол уақытта билік тарапында ана тіліміздің халі мүшкіл болатын. Ал, халық анамыздың үні арқылы сіңген асыл тілімізді көзінің қарашығындай қорғап, әспеттеп қадір тұтушы еді. Соның арқасында іле шала өңірлерде де қоғамның бөлімшелері шаңырақ көтере бастады. Сыр өңіріндегі қоғамның төрағасы болып, ақын Сейіл Боранбаев сайланды да, мен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәлқожа Ергешбаевтың ұсыныс қолдауымен конференцияда Сырдария аудандық ұйымының төрағасы болып шықтым. Осылайша, аудандық газеттің бөлім меңгерушісі қызметінен қоғам төрағасы болып сайландым. Әрине, жаңадан шаңырақ көтерген ұйымның жұмысы шаш-етектен болатын. Ана тілінің абройын асқақтату кімнің болса да мақтанар міндеті емес пе?!
Келер жылғы Ұлыстың ұлы күні наурыз тойы ел көлемінде керемет мерекеленді. Сол күні мен әлі күнге сүйіп оқитын «Ана тілі» газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. «Шықшы тауға, қарашы кең далаға, Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға» деп жырлаған Қасым ақынның осы бір өлең жолы көз алдыңа келеді. Себебі, Ана тілі газеті тауға ұқсап, оны қолына алған халық балаша қуанып жүрді. Менің де қолымда бір данасы. Асыға басып әріптестеріме бардым. Міне, біздің қоғам осындай ұлы бастама жасап жатыр деп паңданып қоямын. Олар да қане қане деп қолымнан жалма жан алып ақтарып жатыр. Бір ағамыз айқара бетін ашып, көзі жасаураған күйі бір иіскеді де, маңдайына басты, одан кеудесіне қысып «Бұл біздің ана тіліміз ғой» деп тебіренді.
Ұлттық дәстүр, өткеннің өнегесін тілімнің мәртебесін асқақтатып, ұлықтаған басылым алғашқы санымен-ақ жүрегімізге жылу берді, қуаттандырды. Жаңа белестерге жігерлендірді. Егеменді елдің алғашқы қарлығашы, парасаттылықтың үні іспетті қазақ аспанында әуендей қалықтай жөнелді. Ол арқа сүйер тірегіміз де, сүйенер қолқанатымызда болды.
Еліміздің жер жерінде жазылу жүріп жатты. Мен деген марқасқа жігіттер, атпалдай атпалдай азаматтар қоғамға құрмет етіп, басылымның бағы үшін белсене кірісіп кеткен. Сырдың сайыпқыран тұлғалары бұдан тыс қалған жоқ. Күткені сап еткендей серпілген басшыларды көрсеңіз. Жазылымға жапа тармағай жабырласқан халық ше. Газеттің таралымының мейлінше көп болуына қол ұшын беріп, қолдаған ел бастаған көсемдігі көш бастаған серкелігі бар, аймақтың ыстығына күйіп, суығына тоңа білген сол кездегі Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Ибрагим Сражаддинұлы Әбибуллаев та солардың бірі болып болысып жүрді. «Ана тілі» газетінің құрметі болар менің да орным бөлекшелене түсті. Мал жаннан бұрын Ана тіліміз деп әңгіме бастап, хал сұрасатын қалге жеттік. Сондай ыстық ықыласы болса керек «Қазақ тілі» қоғамы үшін Кеңестер үйінен екі бөлме ұсынып, кеңсе жиһаздарын берді. Біз қабағат ұйымдастырғаны үшін риза болып, алғысымызды жаудырып жатсақ ол кісі біздің қалыптасып, дамуымызға ат салысқаны үшін шат-шадыман күйде жүр екен.
Кісілік қалып, шарапат жасаған Ибрагим аға бұл күндері өзі туып-өсіп, қайнап-шыққан Сыр өңірінде көне көздердің үлгі-өнегесімен табандылықпен қайратын ұштап, адалдық, әділдік пен туралық қалпын бұзбай келеді. Өскелең ұрпаққа кесікті сөзін айтып, қадір-құрметке бөленіп жүр.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Ана тілі» газетінің бойын тіктеп алуына, ұлттық бағыттағы жұмыстарды қолдап, қорықпастан, аудандық Кеңесі атқару комитетінің арнаулы іс-шарасына қосып қол қойып, шешім шығаруы екінің бірінің қолынан келмейтін кісілік іс. Халық та басылымға жазылуды парызы санады. Соның арқасында газет таралымы ауданымызда бес мың дананың үстіне шығып, қоғамның мүшелерінің саны он мың кісіге жетті.
Кәсіби журналист ретінде «Ана тілі» газетімен үзбей хабарласып, арагідік өзекті деген мақаларымды шығарып жүрдім. Ұжымдағы жігіттердің денін жақсы білемін, кәсіптеріне адал, жазуға шебер қатар оқыдық. Әсіресе, жауапты хатшы – Ертай Айғалиұлының орны бөлек. Бір мектепте оқыдық, бір ауылданбыз. Оқуға да бір түстік. Сан мәрте, Ертайды іздеп редакция табалдырығын аттағаным да есте.
Ұлт құндылығының «шырақшысы» болған Ертайдың көңілінің түбінде сәулесі әу баста бар еді. Қаны таза, жаны жайсаң жан әркез жігерін жанып, қайраты мен намысын ұштап жүретіндігінен жазған мақалалары басылымды биіктете түсті. Еш уақытта кеудесін қағып көкірегін көтермейтін оның жазбасынан ұлттық өрлігі, халықтың көкейіндегі мәселесі, тілдің тағдыры сарнап жататын. Жеті белестен асқан, жұртына сыйлы, ұжымына тастай батып, судай сіңе білгенін ең басты қасиеті азаматтығы, қашан да жара-жолдастарына адал, кең ойлап, кең пішетін кісілігі дер едім.
Өмірімде есте қалғаны – газет алғашқы санынан бастап қазақтың салт-дәстүрін, ідет-ғұрпын, тарихы мен шежіресін тебірене, толғана жаза бастады. Тіпті оның форматы да, мазмұны да, материалдарды орналастыруы да ерекше сипатта еді. Көкірекке құйылған, газет көрігінде суарылған. зерделі, танымды, материалдарды үтір-нүктесіне дейін қызыға оқытынбыз. Мұның бәрі Қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге, оның дамуы жолында өзекті мәселелерді қозғап, одан әрі жандандыра түсуге сеп болғаны анық.
Жалпы алғанда, «Ана тілінің» рухы тәуелсіздікке бет бұрған «Қазақ тілі» қоғамымен үндес, ой-ниеттес, қанаттас болып қалыптасты. Ұлт ретінде ұжым бола бастаған уақытта жоқ-жітігімізді түгендеуге, тіл майданының сардарлары болған жандарды шыңдап, жөн сілтеуге басты бағдаршы болды, өзі де ұлттық басылым дәрежесіне көтерілді.
Әлі есімде, тоқсаныншы жылдары Сыр өңірінен Жоғарғы Кеңеске депутат болуға ниеттенген қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов келді. Мұхаңның қолдаушысы да, қорғаушысы да біздің аудандық «Қазақ тілі» қоғамы. Қоғам мүшелері өте белсенді болатын. Алайда ақынға деген биліктің қолдауы жоқ еді. тапсырма бойынша партократтар ақынды Парламентке өткізбеуге жан-таласа жүріп кірісті. Ұлт мұратымен үйлесетін газет қолдап тұрғанда Мұқаң қалай халық қалаулысы атанбасын. Ел бірауыздан бізге дауыс беріп, газетімізді жоғары көтеру арқылы жақтастықтарын білдірді ел.
Сөйтіп, Мұхаңды депутат етіп сайладық. Жеңіске жетіп, бір дем алып алдық та Сырдария аудандық «Қазақ тілі» қоғамы арқылы газетімізге «республикаға Мұхтар Шаханов атындағы сыйлық жарияладық. Сонда жеке басқа асыра мақтауды қаламаған Мұқан «ойбой болмайды, бұл ұсыныстарның бас тартамын» деп бәйек болғаны бар. Мәселе сыйлықта емес, рухтың сол кезеңде оянғанында еді-ау.?
Мұндай ұлтжандылық қасиет қарашаның бойына қайдан келді, тамырын қайдан алды дегенге ой жіберіп көрсек, ол рухани күштің «Ана тілінен» тарағанын айқын аңғаруға болады. Болмаса аңқылдаған ауыл адамдары Шахановпен кездесуге кедергі жасау үшін шенділердің құлыптаған клубым бұзып ашар ма еді? Әрбірі газетімізді сайлауға алып барар ма еді. Иа, мұндайда Шәкәрім ақынның «Сөнген ойды жандандыруға жан беретін сөз керек» деуі осы газетке арналғандай. Олай болса, «Ана тілінің» тасқа басылған әрбір сөзі тал бесікті тербеткен ананың ақылындай, кессе тіліп түсетін абыз атаның айбынындай.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі оқитын, жылашар санында бас редакторы Ерлан Жүніске салихалы сұқбат беруі, газеттің тарихи жолын ізденісін бағалауға саяды. Өйткені газет бетіндегі дәуір сөздері ұлтымыздың қан тамыры іспетті.
Сондықтан, бұдан 35 жыл бұрын ардақты да асыл ағалар көшін бастаған «Ана тілі» газеті қазақ тілінің жүрегіне жылу беріп, қалың елді ұлт ісіне имандай ұйытып жасай бермек. Демек, «Ана тілі» қазақ тілінің басына қонған бақ, руханиятымыздың күре тамыры аялай білейік, бағалай білейік! Рухани құндылыққа толы газеттің әр санын парақтап оқып отырғанда алысым жақындап, кем-кетігім толып, төгілген күйдей шалқып, мол шуағынан жоғымды табатыным ақиқат. Өйткені ол азаматтық ұстанымымды шыңдаған, көкірек көзімді ашқан руханият бұлағының қайнар көзінен сусындатқан тілінің асыл қазынасы!
Бейбітбек Бүркітбайұлы
Қазақстан құрметті журналисі
Қызылорда облысы