Қоғамдық көлік тасымалы әубастан-ақ пайда әкелмейтін, шығынға жұмыс жасайтын мекеме. Деседе бүгінгі Қызылорда қаласындағы «Қызылорда автобус паркі» ЖШС мекемесі секілді бір тиын пайдасы жоқ көкала көк шығын емес шығар. Неге дейсіз бе? Себебі, аталмыш паркке автобусты мемлекет алып береді, қарызын және жергілікті билік төлеп отыр. Ал, Автобус паркі басшылығы болса «біз қарыздан шыға алмай жатырмыз», «автобус паркі құрып кетудің алдында тұр» деп көз жасын көлдетіп, мемлекеттен субсидия сұраудан танар емес. Жергілікті билік парктің жұмыс шарттарына талап қоя бастаса шопырлары жұмысқа шықпаймыз деп елді шырғалаңға салады да қояды. Қойдан момын елден шыққан шопырлар қалайша бұлай бұлданатынын білмейміз. Бар қолымыздан келері шопырлардың жаппай рейске шықпай қалу көтерілісін әлде автобус паркінің басшылығы, әлде шопырлардың өздері ұйымдастырып жатқан шығар деп күдіктену ғана.
Кезінде, жолақыны 90 теңгеге қымбаттатқан кезде барлығы жақсы болады деп сендірген болатын осылар. Бірақ маңқыт, аузыңа саңқыт деп бағаны бір көтеріп алған соң уәделері ұшты да кетті. Баяғы уәделеріңіз қайда дей қалсаңыз көз жастарын көлдетіп тағы жылай бастайды. Бар айтатындары жолаушыдан алатын 90 теңге жол-пұл ақтамайды дейтін дат. Айналайындар-ау, әр адамды тасығандарыңыз үшін әр жолаушыдан алатын 90 теңгеге қоса мемлекеттен әр жолаушы үшін 147 теңге көмекақы алады емессіңдер ме десеңіз, автобустар көнерді деп көздері мөлдірей кетеді.
Май құйса да семірмейтін сиыр секілді бұлардың да бір шырайының шыққанын көрмейсің әйтеуір. Шырайы шыққаны не, кеше ғана өткен «Қызылорда қаласы қоғамдық кеңесінің» отырысына дарияны көлгітетіндей көз жасын арқалап келді. Ине шаншыр орын қалмағанша адам тасып жүретін автобустардың басшылығы былай дейді:
-Серіктестікте 135 автобус тіркелген, оның ішінде 50 автобус жүріп жүр. 49 автобусқа аса күрделі жөндеу керек болса, 30 автобусқа жалпы күрделі жөндеу керек екен. Яғни 80 автобустың сілікпесі шығып тұр деген сөз. Күніне 5-8 автобус бұзылып рейстен шығып қалу үйреншікті әдетке айналған. Себебі, автобустар ескі, — дейді.
Сонда автобустардың сапасы жоқ па, әлде күтімсіз жүргізген бе? Бұдан да ескі автобустар жеке бағыттарда қалай жүріп жүр? О баста автобустарды алғанда қосалқы бөлшекті ұдайы жеткізіп тұратын жолын неге қарастырмаған. Бар сылтаулары қазірде мұндай автобус шықпайды дейді. Қазір қай қазақтың мініп жүрген ескі көлігі шығарылады екен. Кеңес мүшелері де осы пікірге сүйеніп «Мұндай өтірік сылтауды қою керек ғой» деп сенгісі жоқ. Тіпті, пайда әкелмейтін, автобустарды мемлекетке алдырып, мекемені қыруар қарызға тығып отырған автобус паркі кімге керек, оданда неге жауып тастамасқа деді. Отырыста кеңес мүшелері Автобус паркінің:
-Серіктестік автобустарының тозуына байланысты жөндеуге жұмсалатын шығындар көбейіп, қала ішілік бағытқа шығатын автобустардың саны азайып, ол күнделікті түсімнің кемуіне әкеліп соғуда, — деген мұңына мұншалықты илана қойған жоқ. Өйткені әр адамнан 90 теңге жолақы және әр адам үшін мемлекет 147 теңге субсидия беріп отыр. Яғни, автобус паркі әр адам үшін жалпы 237 теңге пайда табуда. Ал, автобуста иін тірескен халық. Енді есептей беріңіз.
Біз қашанғы жалған, өтірік жылаудың жауабын жарылқаумен қайтара береміз десті кеңестегі мүшелер. Тіпті, автобус пакінің әр автобусы күніне 16 мың теңге ғана пайда табады деген не сұмдық деп түсінбедік. Расында, сонда күніне бір автобус азаннан кешке дейін 200-ақ адам тасыған болғаны ма?
Тасымалшы мекеме сол жиында «автобустың бос жүретін рейістері көп» деп зар илеп қоя берді. Бәлкім автобусқа мінбейтін адам болғанымызда бұған сеніп қалар едік.
Жеке автобустар мемлекеттен алатын субсидиаға құлықты емес екен. Сонда жеке автобустар жақсы пайда табады екен де, қаланың қақ ортасымен жүретін «Автобус паркіне» қарасты автобустар тек шығынға жұмыс жасай ма? Сен, сенбе, осылай мәлімдеп отыр. Мынауың қып-қызыл өтірік, шылқыған ақша жеу ғой деген ойымызды кеңесте нақты айта алмадық. Өйткені мұны бүге-шүгесіне дейін зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бәлкім, бүге-шігесіне дейін зерттелмеудің өзі нағыз сыбайластықтың әсері шығар. Әйтеуір, «Қызылорда автобус паркінің» бір көлдей көз жасын арқалап кеңестен шықтық. Ендігі елдің үміті «Жаңа Қазақстанның» жаңа облыс әкімі Н.Нәлібаевта болып отыр. Осы өкпеміз аймақ басшысына жетіп, майшелпектің шекпегі шешілетін шығар дестік. Әлде шынында қала бюджетін құрдымға тарта беретін мекеме ме бұл? Егер дәл солай болса кеңес мүшелері айтқандай Автобус паркін аластап, ақ жауып, арулап жауып-ақ тастайық.
Сәкен Алдашбаев