Мемлекет басшысының Жарлығы аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеті аудан мен Қызылорда қаласы халқымен кездесу өткізді. Кездесулерде Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Эльдар Күзенбаев та болды.
Бір өте бай Саудиялық араб: «Біз еңбек ету арқылы мемлекетімізді осындай дәрежеге жеткіздік. Бірақ, бәрі дайын кезде туылған бүгінгі ұрпақтарымызды еңбекке қабілетсіз қылып өсірдік» деген екен. Сол секілді облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевта Мемлекет басшысының Жарлығы аясында халықпен кездесу кезінде «Бақша егуге жер беріледі, бірақ еңбек етіп, бақша өсіруге көп адам құлықты емес. Жұрттың сұрайтыны мұнай компанияларындағы жұмыс. Жастар да жұмыс жасауға құлықты болмай отыр. Біз де ауыл шаруашылығында жұмыс істеп өскен адамбыз. Аспаннан салбырап түскен жоқпыз. Еңбек ету керек», деді. Демек, ел жұмыс таңдап жүр деген сөз ғой бұл.
Араб байы айтқандай отыз жыл билеген билік қағанағымызды қарқ, сағанағымызды сарқ еткеннен жұмыс таңдап жүрген жоқпыз-ау, бірақ. Өйткені кәсіп бастасаң тексеріс көп, өнім шығарсаң өтуі қиын, жұмыстың жүруінен тұруы тез. Сондықтан ақшасы молдау мұнай компанияларынан жұмыс іздейтін шығармыз. Әлде әкім айтқандай құлықсызбыз ба…?
Иә, аймақ басшысының кездесуі жайлы әңгімеден тайқып кетпейік. Нұрлыбек Мәшбекұлы халықпен кездескенде лагер, мәдениет үйінен гөрі қазір халық көп сұраныс ететін газ, су, аурухана қызметтері секілді мәселелерді алға қоятынын білдірді. Күрішті қысқартпауға тырысамыз деген ол 78 мың гектар жерге ақ күрішті жайқалтып отырғанымызды айтты. Сонымен қатар суды үнемдеу, көпір мәселесі секілді түйткілдерге тоқталды.
Қызылорда қаласында өткен кездесуде қаламыздағы № 5 емхананың тарлығы, Белкөл кентіндегі үнемі жанып жататын қоқыс полигоны, Арал ауданы Сапақ ауылындағы мектептің жайы мен Жалағаш ауданы мәдениет ауылындағы аурухананың ахуалы айтылды. Өзге де мәселелерге жауап алынып, уәделер мен тапсырмалар берілді.
Айта кету керек, алдағы уақытта аудан басшылары халықпен әр тоқсан сайын кездессе, облыс басшылары екі рет кездесу өткізеді. Бұл, биліктің халыққа жақындай түсуі емес пе?