Мәйітхана өлілерге ақылы қызмет ете ме?

Қызылорда қаласындағы мәйітхана зерттеме үшін түскен әр мәйітке 7 мың теңге көлемінде ақылы қызмет көрсетеді екен. Ол қаржыны мүрденің иелері төлейді. Егер осы жасаған қызметтерінің ақысы төленбесе мүрде иелеріне берілмейді деген әңгімені естіп жағамызды ұстаған едік. Өлі денеге жасаған өз қызметтеріне кіретін жұмыс үшін мәйітхана қызметкерлерінің ақы алуы заңға сыйғанмен ақылға сыймайды.

Бұрын бұны өзге де қызметтер үшін жасалатын төлемдер шығар деп жүретінбіз. Тіпті біреулер «Қайтыс болғандығы туралы құжат үшін 7 мың теңге төлейді екенбіз» дейтін-ді. Елімізде қан­дайда бір құжатты алу ақылы емес деп бұған да мойын бұрмаған болатынбыз. Сөйтсек мемлекет өз қоржынына өлі денеге жасалған қызмет үшін де пайда түсіріп жатыр екен расында. Құзғын секілді өліктен ақша жасауымыз қалай деп ойлап қалмаңыз, барлығы заңды. Бірақ, ақылға сыймайтын ақылы қызмет ол.

Жақында ғана екі айлық жиеніміз шетініп күніміз мәйітханаға түсіп, есігінің алдына бардық. Міне, сонда нағыз масқараны көзімізбен көріп, қоғам беталысынан безінгендей болдық. Шақалақтың мәйітін бір күн зерттеген зертхана қызметкерлері:

-Мәйітке жасаған қызмет үшін 7 мың теңге көлемінде ақша төлейсіздер. Бүгін демалыс болғандықтан бухгалтер жоқ. Сондықтан жеке төл құжаттарыңызды қалдырасыздар, болмаса мәйіт берілмейді, — деді. Тіпті, ақшаңызды төлемесеңіз «Қайтыс болғандығы туралы» мәлімет базаға тіркелмейді, тіркемесеңіздер өздеріңізге қиын болады деп ескертті тағы.

Ау, біз орайтын ақ матаны өзіміз әкеп беріп тұрмыз. Сонда сіздерден қандай шығын шығып жатыр. Өз міндеттеріңізден бөлек нендей қызмет жасадыңыздар бізге. Біз сіздерге қызмет көрсетіңіздер деп өтініш берген жоқпыз ғой,-дедік түсінбей. Мұздатқыштарыңа ұстаңдар деп өтініш етіп тұрған жоқпыз, бұзылған дене мүшені қалпына келтір, сақал мұртын қырып, бетіне крем жақ демедік. Сонда сіздер бұл ақшаны мүрденің іш құрылысын өз қызметтеріңіз барысында ашып, өздеріңіздің міндеттеріңізге кіретін қызметті жасағандарыңыз (жуып, матаға орау) үшін алып тұрсыздар ма?, — дедік ашуға булығып.

Біздің бұл сұрағымызға немқұрайлы жауап берген мәйітхана қызметкерлері «оны басшылықтан сұраңыз» деп көңілсіз, қысқа жауап қайтарды. Бұдан әрі қазбалауға қаза үстінде тұрған көңіліміз шыдас бермей талаптарына көндік. Шақалақтың анасы заты әйелдігіне басып «қаралы жаннан жинаған ақшаларың желкелеріңнен шықсын. Өзім баламнан айырылып, ауданға көлік жалдап кетуге ақша таппай қиналып тұрсам мынау не жалмауыздықтарың» деп жылап жіберді. Жеті мың теңге табылар, тәуекел, бұл кісілерді қарғап-сілеме, бұл мекеменің талабы ғой деп әзер жұбаттық. Сонда баласы шетініп жатқан ана «ақша тәуекел ғой, бірақ қара жамылып жатқанымда балақтан жармасқан істері азарландырып тұр» деп ызаланды. Қойшы әйтеуір қай қызметі болса да 7 мың теңгесін төледік.

Арадан ай өтіп, ашу тарқаған соң өлілерге жасалатын қызмет ақының ақ қарасын білмекке сұрау салуды жөн көрдік.

Қызылорда облысы бойынша сот сараптамалары институтына хат жазып, мекеме директоры міндетін атқарушы С.Молжановтан жауап алдық. Ол жауабында:

«Институтқа келіп түскен мәйіттерге ҚР Әділет Министрлігінің вице-министрімен бекітілген ақылы қызметтеріне бағалар прейскурантына сәйкес әртүрлі (Мәйітті косметологиялық өңдеу, травматикалық қирау жағдайларында мәйіттің сыртқы келбетін қалпына келтіру, ішінара инъекциялық бальзамдау, мәйітті тоңазытқыш камерада сақтау, мәйіттің тазалау (киіну, жуу) т.с.с.) қызметтері жүргізіледі.

Ақылы қызметтер жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі-Тапсырыс беруші) көрсетіледі. Тапсырыс беруші, ақылы қызметтерді алу үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» РМҚК (бұдан әрі-Орталық) аумақтық бөлімшелеріне (бұдан әрі – Орындаушы) ақылы қызметтер көрсетуге шарт жасасуға жүгінеді.Тапсырыс беруші мен Орындаушы арасында жасалатын шартта көрсетілетін ақылы қызметтердің атауы мен көлемі, оларды алу шарттары мен мерзімдері, есеп айырысулар тәртібі, құқықтары, тараптардың міндеттері мен жауапкершілігі, сондай-ақ Орталықтың ақылы қызметтеріне бағалар прейскурантына сәйкес ақылы қызметтердің құны айқындалады.

Жоғарыдағылардың негізінде, институттың мәйітханасына келіп түскен мәйіттерді алып кету үшін емес, тазалау, жуындыру, киіндіру қызметі үшін 6841 теңге төленетінін мәлімет ретінде хабарлаймыз, — деді мәйітхана басшылығы.

Демек, елдің анықтама қағазын алу үшін 7 мың теңге төлейсіз деп жүрген ақшасы анықтама қағазы үшін емес мәйітхана қызметкерлерінің міндетіне кіретін жуып тазалап, киіндіргені (ақ матаға орау) үшін төлейтін ақша екен ғой. Бұл қызмет бұрын ақылы негізде болмайтын еді. Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты деген осы шығар. Болмаса мәйітті ашып, зерттеме жасаған соң денені егелеріне жуып, шүберекке орап бермей қан-қан күйінше тыржалаңаш, дене қуысы ашылған, қарны ақтарылған күйде бере салмақ па? Ақысын төлемесең сөйтетін шығар онда.

Мүрденің іш құрылысын ашып, өлім себебін анықтағаны үшін айлық алып отырған жоқ па қызметкерлер? Әлде зерттеме жасағаннан кейінгі мәйітті жуып-шаю, орау біздің қызметке кірмейді деп отыр ма министрлік? Болмаса мүрдеге жасалған отадан кейінгі тазалық жүргізу олардың міндеті емес пе? Мәселен, тірі адамға жасалған отадан кейін тазалықшылар ота стөлін, аяжандар жарақат үстін тазартпай ма? Бұл да дәл сол секілді жұмыс.

Бәлкім дене бұзылмау үшін салатын екпенің ақшасын шығару үшін ақы алып отыр ма министрлік? Бірақ, ол екпенің құны мұншалықты қымбат емес шығар және мемлекет осы екпені мәйітханаларға тегін бере алмайтындай сорлы емес ғой. Өйткені одан да қымбат дәрілер ауруханаларда тегін салынады.

Ал енді мәйітхана басшылығының бізге берген мәліметіне талдама жасап көрейікші.

  • Косметологиялық қызмет үшін алынатын ақы. Космитологиялық өңдеу деген сақал мұрты мен тырнағын алу, бетін кіремдеу, көз жанары тірі адам секілді болып тұру үшін жанарына екпе ектіру, бетін тоналді кіремдермен кіремдеу, сәндеу жұмыстары. Мұны орыс өкілдерінің элиталары жасатпаса қазақтар жасатпайды. Сондықтан бұл маңызды мәлімет емес.
  • Травматикалық қирау. Осындай жағдайларда мәйіттің сыртқы келбетін қалпына келтіру қызметі үшін ақы аламыз деп отыр басшылық. Бұл деген апаттарда үзілген қолды орнына тігу, жұлынған аяқты жалғап беру секілді қызметтер. Мұның бағасы мекеме ішінде ілінген ақылы қызмет кестесінде көрсетілген. (Ол кесте газеттің 1-ші бетінде жарияланған.)
  • Ішінара инъекциялық баль­замдауға ақы алу деп көрсеткен. Бұл қызмет жалпы мәйітхананың міндетті қызметіне кіреді, бұрыннан солай болып келген. Мемлекеттен қарастырылған бальзамның ақшасы қазір қиылып қалды ма әлде. Болмаса сол бальзамды жаққан санитардың ақшасы ма әлгі төлем? Олай болатын болса неге тазалықшылар айлық алып отыр? Бальзамның ақшасын шеше алмастай күйде ме ел әлеуеті?
  • Мәйітті тоңазытқыш камерада сақтау қызметі де ақылы. Егер мәйіт егесі өтініш етіп, бірнеше күн мұздатқышта ұстаса түсінікті. Алайда, мәйітті егелері мүмкіндік болса бір минутта мәйітханада қалдырғысы келмейді. Ал, министрлік болса мемлекеттің берген тоңазытқышының қызметінен ақша жасап отыр ғой сонда. Тіпті, оған кететін электр энергиясының өзін мемлекет төлейді емес пе, әлде осы ақылы қызметпен жауып отыр ма? Егер, барлық шығынды мемлекет көтеретін болса әр мәйіттен алып жатқан ақша қайда кетуде. Мәйітті тазалау (киіну, жуу т.с.с.) қызметерін жүргізгені үшін ақы алынады деген не сұмдық. Өз қызметіне кіретін жұмысқа неге ақы алынады?

Перзентхананың аузында тұрып баланы орап бергенге «жуғанымыз» деп ақша береміз. Ал, бұл 7 мың теңге сол ақшаның Заңды түрде алынып жатқанына ұқсайды.

Мейлі, перзенханадағы тазалықшыларға баланы жуып, жаялыққа орап бергені үшін өз еркіңмен ақша бересің, ол қуанышың. Қуаныштың ақшасын алушы да қуанышқа жұмсасын дейік. Ал, мынау қазадан, қанды қайғыдан алынып тұрған ақша ғой, оны қандай ниетте жұмсайды, министрлік? Әлде мемлекеттің күні осыған қарап отыр ма?

Айтпақшы басшы жауабын­дағы «Ақылы қызметтердегі жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі-Тапсырыс беруші) көрсетіледі», деген не масқара. Жұмыс басында жүріп қаза тапқан адамның денесін тексеру мен ауырып қайтыс болған адамның денесін тексеру тәсілі екі бөлек пе? Жұмыс барысында қайтыс болған адамның артында заңды тұлға, яғни ол қызмет ететін мекеме тұр. Олардан ақшаны молдау алады деген сөз бе? Бәлкім жұмыс барысында қайтыс болған адамның денесін алтын пышақпен кесетін шығар? Түсінбедік. Адамның өлі денесіне заңды не жеке деп зерттеме жасау қандай заңдылыққа сыйады?

Жалпы 6841 теңге не қызмет үшін? Бөліп, бөліп керсетпеген мекеме басшылығының жауабы артында не жатқанын білмедік. Бұл қаржының қанша теңгесі қанын жууға, қанша теңгесі киімін киіндіруге, яғни матаға орауға, қанша теңгесі шығарып беруге екен. Қозғалғандарыңның құнын біле алмадық.

Қыл аяғы құрдымның соңы сонау Әділет министрлігінде жатыр. Сондықтан бұл мәселені министрлікке емес, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырып, ел ертеңін жарқын етуге аянбай жұмыс жасап жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына жолдаймыз.

Құрметті Президент, қайғылы жерден қаржы тауып, қанды көңілден ақша талап етіп отырған мәйітхананың мына әрекетіне тоқтау салып, қасап ниеттің жолын кесіңіз. Өйткені өліктен алынған ақша құрдымы Сіздің айналаңызға барып қан-жындай болып құйылып жатыр. Жаңа Қазақстан қазынасы өлік қызметінің ақшасымен толықпай-ақ қойсын. Сонымен қатар сот сараптама орталығы Әділет Министрлігінен алынып, полицияға не прокуратураға берілсін. Өйткені бұл орталық та тексеру, анықтаумен айналысады. Ал, оған полиция не прокуратура басшылық жасаса қанша қылмысты ашып, әділдікті орнатар еді.

Айтпақшы, Сот медициналық сараптама орталығы тікелей Астанаға бағынатын қазыналық мемлекеттік мекеме. Яғни, қазыналық мекеме болған соң өз-өздерін қаржымен қамтуы керек. Сонда қалай, өліктерден ақша жасаңдар деп қазыналақ мекеме еткен бе?

Зертханаға белгісіз жағдайларда қаза болғандардың мүрдесі құқық қорғау орындарының қаулысымен қабылданады. Ал, зертханадағы қызмет ақылы. Демек құқық қорғаушыларға да қазадан түскен пайдадан бөліс бар шығар дейді ел. Бұл күдікке қалай иланбайсың. Болмаса құқық қорғаушылар мәйітті ақылы зертханаға жібересіз бе, әлде ақысыз зертханаға жібересіз бе деп сұрайтындай жағдайда болуы керек ғой. Не болса да өліктерге көрсетілетін бұл заңды қызмет жалпы адами заңдылыққа қайшы секілді. Сондықтан қаралы жандардың қалтасына заңды түрде түсуді тоқтатқан дұрыс-ау.

Сәкен Алдашбаев

Related posts