Конституция – сот жүйесі үшін айрықша маңызға ие

Конституция – демократиялық, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізгі, басты нормативтік актісі. Бүкіл құқықтық жүйенің өзегі ретінде ол заңның әртүрлі салалары үшін бастапқы болып табылатын маңызды принциптерді заңды түрде белгілейді.

«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз»,- осындай сөздермен Қазақстан Республикасының Ата Заңы басталады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды және сол кезден бүгінгі күнге дейін жыл сайын тойланатын ең маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі болып табылады, өйткені ол Қазақстан халқының еркіндігін, оның елді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруға деген ұмтылысын көрсетті. Ата Заң – адам құқықтарын, өмірін, тұрмыс тіршілігін, ар-намысын, теңдігін бірінші орынға қойып, биік деңгейге көтере білді.

Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Мемлекетіміздің барлық заңдары мен құқықтық-нормативтік актілері мазмұны мен түрі жағынан Ата Заңымыздың талаптарына қайшы келмеуі тиіс, себебі олардың барлығы Конституциядан бастау алады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Республикамызда мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары бар.

Конституцияның негізгі тараптарының бірі мемлекеттік биліктің тармақтары арасындағы мүдделер тепе-теңдігін құқықтық қамтамасыз ету болып табылады, ол белгілі бір жағдайларда олардың біреуінің негізсіз күшеюіне жол бермейді, ал мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары тәуелсіз, бірақ сонымен бірге бір-бірімен өзара әрекеттеседі және Конституция берген өкілеттіктер аясында өз функцияларын жүзеге асырады.

Конституцияда заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екендігі көрсетілген. Сот төрелігінің қызметі ҚР Конституциясының VII бөлімінде қамтылған. Яғни, сот төрелігін жүзеге асыру ең алдымен Конституциядан басталады.

Конституцияның 75-бабына сәйкес, елдегі сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.

Бұл дегеніміз – сот, мәні бойынша құқықтың барлық субъектілері арасындағы төреші, оны сақтаудың басты кепілі,  өйткені ҚР Конституциясы оған адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндетті жүктейді.

Қолданыстағы Ата Заң сотқа осы өте маңызды және күрделі міндетке сәйкес келетін мәртебе, құзырет және өз қызметінің заңды кепілдіктерін берді.

Д.Кентбаев

Қызылорда қалалық сотының төрағасы

Related posts