Ертегілердің тәрбиелік мәні

Ауыз әдебиетінің бір түрі ертегілер — көне замандардан бері бала тәрбиесіндегі ең тиімді тәрбие тәсілі болып келеді. Мамандар ертегінің психологиялық және педагогикалық үйлестіру құралы міндетін атқара алатынын әлдеқашан дәлелдеп қойды. Медицина саласында бұл тәсілді «ертегі терапиясы» деп атайды. Мұндай тәсіл мектеп жасындағы ересек балалар үшін де пайдалы жағы жетерлік. Оның ішінде 3 – 7 жастағы бүлдіршіннің жан дүниесіне, өмірлік көзқарасына әсері мол екендігі анық.

Ертегі бала бойындағы үлкен сенімділікті орнықтырады. Айтылатын ертегідегі оқиға соңының қашан да, жақсылықпен аяқталып, кейіпкердің кез – келген қиындықты жеңіп шығуы баланы батылдыққа жетелеп, жігерлендіре түседі. Оның ішінде байқампаздық пен әр нәрсені алдын ала болжап білу қасиеті айрықша дәріптеледі. Мұндай қасиет шынайы өмірде күрделі жағдайларды шешу барысында аса қажет. Әлбетте балаға қарапайым ақиқат – шындықты тез түсіндіргіңіз келсе ертегі айтуды қолға алыңыз. Айталық, үлкендердің сөзіне құлақ аспай, соңында опық жегізген «Бауырсақ» немесе «Қызыл телпек» оқиғасынан бала терең ой түзеп, үлгі – өнеге алатын болады. Кейде мейірімсіздік, қатыгездік жайындағы ертегілердің оқиғасы баланы үрейлендірмей, қайта жас балаға қиындық пен қауіп – қатердің өмір белесінде табан астынан тап болуы мүмкін екендігін ескеріп, басыңа іс түскенде қалай әрекет ету қажеттігі жайлы жол көрсетеді. Балаларда да үлкендер секілді түрлі қиындықтарға тап болады. Осы сәттерде олар қиын жағдайдан шығып кете алмайды: Қуаныш пен уайым, әлденеден сескену мен ашулану баланың жан – дүниесіне әсер етіп, жүйкесін жұқартады. Осы бір сәттерде баламыздың жанын сергітетін, қуаныш сыйлайтын ертегінің пайдасы бар. Ертегіні оқи отырып, балаға жақсы мен жаманның ара жігін ажыратып, қарапайым әрі ұғымды тілімен түсіндіруге болады. Бала ертегіні тыңдау арқылы жақсылықтың оңайлықпен келмейтінін, көл – көсір байлық пен батырлықты да біреудің бере салмайтынын ұғынады. Шыдамды, табанды, білгір ертегі кейіпкерінің әрдайым зор қуаныш, өрелі табысқа жеткенін естіп біліп, солардай болуға тырысып бағады. Мысалы «Толағай» ертегісін оқығанда, балалар кейіпкер бойындағы ерен күші, халқының жолында өзін құрбан еткен ерлік істерін олардың қызығушылықтарын оятты. Өздерін Толағай сияқты сезіну үшін «Егер сен Толағайдың орнында болғанда не істер едің?» немесе «Халықты қиындықтан алып шығудың қандай басқа жолын табар едің?»  «Осы жағдайда Толағайдың шешімі дұрыс па?» деген сияқты оқушыны ойландыратын, қиялына ерік беретін сұрақтар беру арқылы олардың Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін тереңдетуге болады.

Ертегі оқу арқылы баланың тәртібін бір жүйеге келтіріп, қоршаған адамдармен, белгілі бір ортамен қарым – қатынасқа түсуге үйретеді. Себебі, ертегілер мазмұнының басты мақсаты – жалғыз шауып бәйге алмайсың, адамдарға, сонымен қатар жан – жануарлар мен хайуанаттарға, тіпті жанды – жансыз дүниелердің барлығына құрметпен қарағанда ғана мақсатыңа жетесің деген қағиданы жас баланың санасына сіңіру.

Ертегі ата – аналар мен мамандарға баланың көңіл – күйі мен жеке тұлғалық қадір – қасиетін қалыптастыру барысында кездесетін күрделі мәселелерді шешуде көп көмегі бар. Ата – ана осы кезде мына мәселеге назар аударғаны дұрыс. Бала қандай ертегілерді жақсы көреді? Қандай кейіпкерлерге құрметпен қарайды? Өз ойынан ертегі құрастырып айта ала ма? Әрине ертегілік құбылыс барысында бала өзін еркін сезініп, тұлғалық қасиет – қырлары ашыла түседі. Баланы өзі оқыған ертегі кейіпкерлерінің басынан өткен оқиғаға өзі тап болған кезеңде не істеуге болатыны жайлы қорытынды жасауға қалыптастырған дұрыс. Ойын ашық, сөз саптауын жүйелі түрде айтып беру жөнінде ұсыныс жасаңыз. Балаға негізгі кейіпкерлері ретінде туысқандарын алып, ойдан ертегі құрау жөнінде ұсыныс жасаудың мәні бар. Мұндай жұмыс барысында жас бүлдіршін туысқандар жайлы өз пікірін жаман – жақсы болсын таза көңілімен жайып салады. Балаңызбен бірлесіп, алдағы өмірде кездесетін мәселелер туралы ертегіні ойдан шығаруға болады. Осы мезгілде яғни, ертегіні ойдан шығару барысында өзінің қарсылығын, өкпе – ренішін, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге ұмтылады. Шынайы өмірде өз – өзіне деген сенімділігі артады, бойында орнықты мінез қалыптасады. Ұялы телефон, теледидардан көрсетілетін атыс – шабыс, небір құбыжық жан түршігерлік мультфильмдерден, анайы көріністерден бойын аулақ салуға үйретеді. Ертегіні бірлесе оқудың немесе ойдан ертегі құраудың ата – ана мен баланың, ұстаз арасында тығыз байланыс орнатып, түсіністікті қалыптастыруға тигізер әсері мол. Талап – талпынысына, қиялына қанат бітіреді, өмірге деген құштарлығын арттырады.

Өз балаңызды батыл, қайырымды, әрі дені сау саналы азамат болып өссін десеңіз, халқымыздың асыл мұрасы – ертегіден қол үзбеңіз. Мүмкіндігінше, оны қазіргі уақыт, заман талабына сай лайықтап пайдалана біліңіз.

Жансапова Ляззат Амиртаевна
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы
№2 «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасы

Related posts