Президент жолдауына пікір

5547 әскери бөлімінің командирі,
подполковник Е.Е.Бастамиев

Қазақстан халқының жарқын болашағына бағыт-бағдар беретін Президентіміздің осы жылғы жолдауы халқымыздың ынтымағын нығайтып, олардың мұң-мұқтаждығын тыңдап қана қоймай, сол қажеттіліктерді шешуге айқын іс-әрекеттер көрсетілген жолдау деп айтуға болады. Қазақстан азаматтарының тұрмыстық ахуалын арттыруды көздеген әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттар белгіленіп, басты назарды азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі екені нақты айтылды. Осының өзімен Қазақстанның көшбасшысы мемлекеттік саясаттағы ең басты капитал – адам екендігіне көзі жеткен экономикалық және саяси жетілудің шыңынан көрінеді. Сондықтан болар 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды.

Президент Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттілігін атап өтіп, сонымен қатар әскери құрылымдардағы тәртіпке басты назар аударып, әскер тақырыбын да айналып өткен жоқ. «Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет. Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата – ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты»,- дей келе әскердегі тәртіп пен заңның сақталуы, әскерде жүрген сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне назарды баса аударды.
Бұл сан саланы қамтыған, сараланған салмақты стратегиялық жоспар. Бүгінгі жолдау халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді және нақты бағыт – бағдарымызды айқындағаны мәлім.
Халқымыздың бар қажеттіліктері ескеріліп, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Жолдау болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді.
Мен, Президент белгілеген саяси шешімдерді толықтай қолдай отырып, ондағы негізгі міндеттерді іске асыруға қолымнан келгенше үлес қосып, басқарып отырған Ұлттық Ұланның 5547 әскери бөлімде әскердегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуын, әскери қызметтің қауіпсіздігі әрқашан назарда болатынын атап өткім келеді.

Related posts