Жастар арасында әскери қызметке деген қызығушылықты күшейту және патриотизмге тәрбиелеу мақсатында Қызылорда қалалық С. Шаухаманов атындағы №9 мектебінің 11 сынып оқушылары және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жастарына Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімі есігін айқара ашты. Оларды әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік – құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Караманов Берік Азаматұлы, қарсы алып әскери бөлімнің тарихы және өзінің жауынгерлік жолы туралы айтып берді.
Ашық есік күні – біздің әскери бөлім үшін нағыз мереке. Жастарды офицерлер мен келісімшарт бойынша қызметкерлер, әсіресе сарбаздарымыз жылы қарсы алып, олардың барлық сұрақтарына жауап беруге дайын болды. Әскери бөліміміздің дәстүрлі Ашық есік күніне жиналғандар көп болды. Жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер әскери қызметшілермен сұқбаттасып, олардан нақты әрі толыққанды ақпарат алды.
Бөлімде ұйымдастырылған «әскери өмірдің бір күні» атты шара аясында балалар әскери өмірді көріп, әскери киім үлгілерімен, әскери техника және қару-жарақ түрлерімен танысты. Саптық алаңда оқушылар мен студенттерге арнап қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі өткізілді. Әскери қызметшілер қонақтарға заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери техникалар мен қорғаныс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы айтып беріп балалардың қызығушылығын оята алды.
Әскери бөлімнің офицер-тәрбиешілері әскери өмір мен тәртіп туралы, сондай-ақ әскери қызметтің, жауынгерлік және оқу-жауынгерлік тапсырмалардың өту тәртібі туралы айтып түсіндірді.
Келген қонақтарды қызықтыру үшін тек ауызша түсіндіріп қана өтпей жастарды әскери бөлім аумағына экскурсия жасауға шақырдық. Балалар алдымен сарбаздардың тұратын казармалармен танысты. Ондағы тұрмыс-тіршілігі, орналасу реті, тазалығы оқушыларды бей-жай қалдырмады. Сарбаздардың таңертең қалай оянып, төсектерін жинап, киінгенін көрген оқушылар алған әсерлерімен бөлісті.
Экскурсия аяқталған соң Бөлім клубында Ұлттық Ұландықтардың ерлігі мен қызметінің еліміз үшін, қоғам тыныштығын сақтаудағы қырағылығы менпайдасының зор екендігін көрсету мақсатында «Әскери патриоттық сағаты» бойынша Берік Азаматұлы сұхбат жүргізді. Одан бөлек өз ерлігімен танылған батырымыз Қайсаров Мадиярдың ерлігі жайлы, жігітке тән ержүрек әрекеттері туралы айтылды.
Әскери-патриоттық тәрбие беру – жастарға өз елі мен Отанын сүюге үйрететін, оларды адалдыққа тәрбиелеудегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Саналы жастарымыз көп болғай!
Шәрін Тұрсынай
5547 әскери бөлімі
Қызылорда қаласы.