Г.Дүйсенова
Қызылорда қаласының №2 сотының бас маманы
Қазақ тілі — қазақ халқының басты рухани байлығы. Қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Біздің ата-бабамыздан қалған баға жетпес мұра. Әр халық үшін тіл ең басты құндылық болып табылады. Тіл-әрбір ұлттың мақтанышы, жан дүниесінің айнасы.
Біздің елімізде «Қазақстан халқының тілдер күні» мерекесі тойланады. Тіл – халықтың сан ғасырлық тарихы. Әлемдегі кез келген халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің тілін әрқашан да қастерлеп, қорғап жүру қажет. Алаш жұртының арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақтың атадан балаға мұра етіп қалдыратын екі қазынасы бар. Оның біріншісі – байтақ жері, екіншісі – бай тілі»-деп атап өткен.
Сот саласында да мемлекеттік тілдің қолдану аясын арттыра түсуге қазіргі таңда айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Іс қағаздарының бәрі тегіс мемлекеттік тілде жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жолында еліміздің әрбір азаматы, әрбір мемлекеттік мекеме мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту жолында атсалысуға міндетті. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.
Біздің Қызылорда қаласының №2 сотында мемлекеттік тіл мәселесі толықтай шешімін тапқан айтуға болады. Сотта құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Атап айтқанда, ішкі ұйымдастырушылық құжаттар – өкімдер, жедел кеңес хаттамалары қазақ тілінде жүргізіледі, өзге мекемелерге құжаттар тек мемлекеттік тілде жолданады. Басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, азаматтардың арыз- өтініштеріне мемлекеттік тілде жауап беріледі.