МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ – ТАБЫСТЫ ЕҢБЕККЕ БАСТАР ЖОЛ

Мүгедектігі бар жандарды қолдауға бағытталған игі істер олардың қоғамға бейімделуіне, әлеуметтік белсенділігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады.

Бүгінгі шығарылымға  «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің 2024 жылғы атқарған үздік жобаларын назарларыңызға ұсынамыз.

 Қоғамдық бірлестік 1997 жылы құрылып, 28 жылдан бері өңіріміздің барлық азаматтарының және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың өмір сүру деңгейін жақсарту мен жоғарылатуға бағытталынған іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Сиюов Сағатбек Куанышбайұлы. Қамқорлығы мен жанашырлығы арқылы талай жанға қуаныш сыйлап, мейірімділігі мен қайырымды істері арқылы көпшілікке үлгі болып жүрген қайсар азамат.

2024 жылдың қорытындысы бойынша «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі мүгедектігі бар адамдар мен балаларға әлеуметтік көмек көрсетуден бөлек, оларды түрлі шараларға қатыстырып, қоғамдық ортаға бейімдеу, белсенділіктерін арттыру, спорттық, мәдени, қоғамдық іс-шараларға қатыстыру мақсатында Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдауға арналған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырды.

Қоғамдық бірлестік жоба аясында, 2024 жылдың сәуір айында мүгедектігі бар әйелдер арасында «Нәзік жанның әлемі» атты шығармашылық байқау өткізіп, оған 20-дан аса мүгедектігі бар әйелдер қатысты. Бұл байқау мүгедектігі бар нәзік жандардың шығармашылық және интелектуалдық қабілеттерін анықтауға, ішкі әлеуетін дамытуға және олардың қоғамға әлеуметтік бейімделуіне көмектесті және шығармашылық жағынан жан-жақты ашылып, қалаған істерімен айналысуына себебін тигізді.

Сонымен қатар, мамыр айында мүгедектігі бар адамдар үшін Киелі жер Түркістан қаласына саяхат ұйымдастырылды. Саяхатқа 1-топ мүгедектігі бар 20 адам және олардың көмекшілері қатысты. Қатысушылар Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі тарихи жәдігерлермен танысып, бабалардың рухына тағзым етті.

Маусым айының 3-де «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай  мүгедектігі бар балалар арасында «Өнерім саған, Қазақстан!» атты байқау өткізді. Байқауға 60-тан астам ерекше балалар қатысты. Балалардың жүздеріне күлкі, көңілдеріне шаттық сыйлаған іс-шара ерекше қарқынмен бастау алып, әр-түрлі кейіптегі аниматорлар, сахнаның сәнділігі балалардың шығармашылық өнеріне шабыт беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 Шілде айында мүгедектігі бар балаларға «Кино әлеміне саяхат» атты шара ұйымдастырылып, балалар «Ойжұмбақ-2» атты анимациялық мульфильмін тамашалады.

Тамыз айында «Qazaqwa Quiz» тақырыбында мүгедектігі бар адамдар арасында интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды. Сайысқа мүгедектігі бар адамдардан құралған 8 топ (әр топта – 4 адам) белсенділікпен қатысты. Бұл ойын мүгедектігі бар жандар үшін уақытты қызықты өткізуге және өз білім деңгейін көрсетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, көшбасшылық қасиеттерінің дамуына, олардың ұйымшылдығын және топта жұмыс істеу қабілетінің артуына септігін тигізді.

Қыркүйек айында мүгедектігі бар балаларға «Қуыршақ театрына саяхат» ұйымдастырылды. Онда балалар Н.Бекежанов атындағы драма театрының «Нартайдың бүлдіршіндері» қуыршақ тобының «Қозы мен лақ» атты қойылымын тамашалап, көтеріңкі көңіл-күй мен есте қаларлық бейнелерді қабылдады.

Қазан айында «Мүгедектігі бар адамдар күніне» орай облыстық спартакиада ұйымдастырылып, облыс бойынша 60-тан аса мүгедектігі бар адамдар қатысты. Жеңімпаздарға арнайы диплом, алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Желтоқсан айында «Халықаралық мүгедектер күніне» орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Шарада 2024 жылдың қорытындысы бойынша жыл көлемінде түрлі сала бойынша жетістіктерге жеткен мүгедектігі бар адамдар номинациялармен марапатталып,  салтанатты мерекелік бағдарламаны тамашалады.  

Сонымен қатар, 26 желтоқсан күні мүгедектігі бар балаларға жаңа-жылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырылып,  150 мүгедектігі бар балалар қатысты. Мерекелік іс-шара 2 кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңінде «Арыстан Патша» тақырыбында балаларға арналған жаңа жылдық ертеңгілік ұсынылды және екінші кезеңінде балаларға арналған жаңа жылдық ойын сауық кеші ұйымдастырылды.

Мүгедектігі бар жандарды қолдау – олардың қоғамға бейімделуіне, жеке дамуына  мүмкіндік береді. Олардың шығармашылық өнерін, қабілетін т.б. дамытатын іс-шаралар ұйымдастыру арқылы олар өздерін қоғамға қажет екеніне сезіне біліп, өмірге құштарлығы оянады.

 Осы ретте, «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұжымына алдағы уақытта да мейірімділік пен жанашырлықтың жарқын үлгісі болып, жаңа жетістіктерге жете беріңіздер демекпіз! Істеріңіз әрдайым берекелі болып, қоғамға оң өзгерістер әкеле берсін!

Облыстық үкіметтік емес ұйымдарға
арналған ресурстық орталығы

Related posts