МЕДИАЦИЯ ҚАНДАЙ ДАУЛАРҒА АРАЛАСА АЛМАЙДЫ?

Бүгінде бітімгерлердің болмыс бедерінің биіктігі, аброй атағының асқақтығы, наркескендей нәтижелі қызметтерінің арқасында елдің ішінде үлкен сенімге ие болды. Мәселен, Қызылорда қаласының № 2-ші сотында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының статистикалық мәліметіне сүйенетін болсақ, жәбірленушімен татуласуына байланысты 25 іс өндірістен тоқтатылған. Оның ішінде медиация қолданылғаны 16 іс бар.

 Қоғам болған жерде тәртіп бұзу да, Заң шеңберінен шығу да, ұсақ өкпе наздар да болады. Соның барлығы үшін сотқа жүгіне беруден көрі бітімгерлерге барысқан абзал екенін ел ұқты. «жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден» демей ме қазақ. Сол секілді мірлестіру медиаторлардан болып тұр. Яғни, дауласушы тараптардың өз араларындағы дауды өздерінің ерікті келісімі бойынша өзара тиімді шешетін жазбаша келісім-шартқа отыру арқылы дауды шешетін адам- медиатор деп атайтын болсақ, неге бұлай теңемеске? 

 Жалпы медиация әдісі арқылы азаматтар уақыт пен пен қаржы шығандарын үнемдейтіні туралы айтылып та, жазылып та келеді. Үлкен өмірлік тәжірибесі, жоғары білім бар, жасы 25-тен асқан азаматтар, отставкадағы судьялар, прокурорлар медиатор бола алатын болса, бұл ел ағаларының ағайындылық жасау тәсілі емес пе. Демек медиация атауы қазақтың төл сөзі болмағанмен медиация тәсілі табиғаты жағынан қазаққа жат емес. Бұрынғы дала демократиясына, билердің дауды шешу тәртібіне өте ұқсас. Елімізде қолданысқа енген медиация туралы заңға сәйкес, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолдану саласы болып табылады. Егер медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғаның және сот әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделерін қозғаған немесе қозғауы мүмкін болған жағдайда, мұндай дауларға (дау-шараларға) медиация рәсімі қолданылмайды. Бір сөзбен айтқанда араласа алмайды. Сондай-ақ тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын кезде, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастарынан туындайтын дауларға медиация рәсімі қолданылмайды. Одан басқа, сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша медиация рәсімі қолданылмайды.

 Бітімгерлік әрқашанда қоғамға тыныштық әкелетін, тату өмірді қалыптастыратын жүйе. Сондықтан арада дау-жан-жал мен түсініспеушілік орнай қалса бірін-бірі сотқа сүйрегеннен көрі бітімге келген абзал. Ал, одан да жақсысы дауды болдырмау.

А.Зейнулла,
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы

Related posts