Отбасы тыныштығы теңдессіз бақыт

Жетес деген биге бір жас жігіт келіп, Биеке бірінші байлық денсаулық екенін білеміз, ал бірінші бақыт не депті. Сонда Би «Отбасыңның тыныштығы» деген екен. Расында отбасы тыныштығынан асқан қандай бақыт керек. Байлық пен билігің салтанат құрып тұрғанмен отбасыңда тыныштық болмаса, ана зәбір көріп, бала жылап жүрсе ол шаңырақтан құт қашпай ма? Міне, соны болдырмаудың түрлі тәсілдері жасалып, дала қағидаттары қалыптасып келген еді. Бүгінде ару ана мен әлсіз баланы Заң қорғайды. Мәселен «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы»  Конвенциясына қосылу туралы «Қазақстан Республикасының Әйелдердi кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы» 1979 жылғы 18 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған. Сол заң адамның негізгі құқықтарына, адамның жеке тұлғаның қадыр-қасиеті мен құндылықтарына және ерлер мен әйелдердің тең құқықтылығына, әйелдерге қатысты кемсітулерді жою туралы декларацияда жарияланған принциптерді іске асыру үшін қабылданған болатын. 

Конституцияның 17-бабына сәйкес адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды деп анық көрсетілген.

 Ал, отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтар күрделі әлеуметтік проблемалар қатарына жатады, оны жасағаны үшін жауаптылық  ӘҚБтК-нің 73-бабында көзделген. Алайда, адамдардың отбасында және тұрмыста жақын қатынастарына қарамастан, сот практикасы көрсеткендей,  нақты осы салада әртүрлі түрдегі жанжалдарға неғұрлым көп ұшырайды. Тіпті, ұсақ тұрмыстық құқық бұзушылықтан адам өмірі мен денсаулығына бағытталған қылмыстарға дейін жетіп жатады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық басқа да болып жатқан түрлеріне қарағанда, шын мәнінде бірге тұрып жатқан, туыстық қатынастағы, ортақ тұрғын үйлері, мүліктері, қаражаттары бар, материалдық және моральдық тәуелді, өзіне тірек, қорғаушы болуы керек адам тарапынан болып жатуымен ерекшеленеді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарынан отбасындағы көптеген құқыққа қарсы әрекеттердің көбі ашық жағдайда жасалып жататыны байқалады.

Бұл ретте Ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полициясы органдарының лауазымды адамдары, жиынға шақырылған әскери мiндеттiлер және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының көлiк құралдарын басқаратын адамдар жасаған құқық бұзушылықтары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру құқығына  ие.

Негізінен істерге қарағанда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар ерлі-зайыптыларға олардың ішінде ерлерге қатысты толтырылған. 

Зерделей қарағанда отбасылық жанжалдың екінші тарап жағынан,  көбіне ерлердің осы құқық бұзушылық әрекеттерін масаң күйде жасағанын, сондай-ақ ажырасқан жағдайда тараптардың бірінің балаларға бару мәселесі көтерілген жағдайда жасалатыны көрінеді. 

Бұл отбасының отағасыларын ойландырып, олардың әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою, оларға қарсы бұзақылық жасауға итермелейтін әрекеттерден аулақ болуына ықпал етіп, жасалған бұзақылық істері үшін заң алдында  жазаланатынын есте ұстағандары абзал. Бұдан бұрын отбасы, әйел мен бала ер адамның мойынындағы аманат. Осы аманатқа шаң жуытпай ұстау нағыз ер азаматтық. Сондықтан отбасы тыныштығы мен татулығы басты парызың болып қала береді.

С.Утегенова,
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы

Related posts