ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ҮШІН ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ АСА МАҢЫЗДЫ

Өрт сөндіруші  –   аса қауіпті әрі жауапты мамандықтардың бірі. Себебі, бұл салада қызмет ететін әрбір адамнан үнемі психологиялық әрі физикалық тұрғыда мықты дайындық талап етіледі. Аптап ыстықта тілсіз жауды ауыздықтау, қақаған аязда мұзға түсу, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, оларды қауіптен құтқару. Бұл – төтеншеліктердің күнделікті атқаратын тірлігінің бір парасы ғана. Осылайша, өмір мен өлім арпалысына жиі түсетін сала мамандары айтып келмейтін апаттарда өзінің ғана емес, өзгенің де жанын арашалауды басты міндет  тұтады.

Жалпы, қызмет барысында өрт сөндірушіден біліктілік пен кәсібилік, шапшаңдық, тез әрі нақты шешім қабылдау, сондай-ақ, құтқару жұмыстарын жүйелі жүргізе білу қасиеттері талап етіледі. Себебі, мұнда әрбір сәт, әрбір секунд аса маңызды. Сол себепті сала мамандары үнемі арнайы дайындықтан өтіп тұрады. Сонымен қатар Жергілікті полиция қызметінің Жол патрульдік полиция қызметкерлерінің қатысуымен сабақтар, дәрістер өткізіледі. Атап айтқанда, қызметтік және жеке автокөлікпен жол жүру ережелерін қатаң сақтау, жол-көлік апаттарын болдырмаудың алдын алу шаралары айтылады. Өз кезегінде, өрт сөндірушілер де дәріс тақырыбына сай көкейдегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алады.

Негізі, әрбір көлік жүргізушісі де, жаяу жүргінші де  жол қозғалысы ережелерін жатқа біліп,  қатаң ұстануы тиіс. Сонда ғана жол-көлік оқиғалары мен апаттардан аулақ боламыз. Осы ретте облыс тұрғындарын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», құтқару жұмыстарына біріге ат салысса дейміз. Яғни, ең алдымен, құтқару қызметі жедел жету үшін оқиға орнының нақты мекен жайын диспетчерге дұрыс жеткізу қажет. Бұдан бөлек, оқиға орнына асыққан құтқарушылардың қызметтік көлігіне жол беру арқылы діттеген жеріне жылдам жетуіне өз үлестеріңізді қосасыздар. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, жолда жүру ережелері бәрімізге ортақ. Ендеше, қағидаларды қатаң сақтап, қауіпсіздігімізді қамтамасыз етейік!

Айбек Амантай
Қызылорда қаласы №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы азаматтық қорғау аға лейтенанты

Related posts