Г.Досан
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы
Қазақ халқының тарихында ұлттың болашағы үшін аянбай тер төккен, тағдырына адал қызмет еткен ардақты тұлғалар бар. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсыновтың орны айрықша. Ол – халқымыздың ұлт болып ұйысуына, тілі мен әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, «Ұлт ұстазы» деген құрметті атаққа лайық қайраткер.
Ахмет Байтұрсынов – ағартушы, ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, ақын, қоғам қайраткері. Ең әуелі ол қазақ жазуына реформа жасап, төте жазуды енгізді. Бұл жазу қазақ халқының сауатын ашуға, білімін көтеруге жол ашты. Оның «Әліпбиі» мен «Тіл-құрал» оқулығы бірнеше буын қазақ баласының білім алуына негіз болды.
Ахметтің ағартушылық жолдағы еңбегі тек тілмен шектелген жоқ. Ол қазақ қоғамындағы надандықты, отаршылдық езгіні сынап, халықты оянуға, еркіндікке шақырды. Оның «Маса» атты өлеңдер жинағы – елді еңсесін көтеруге үндеген күрескерлік рухтағы туынды.
Сонымен бірге, Ахмет Байтұрсынов – қазақ баспасөзінің атасы. Оның бастамасымен шыққан «Қазақ» газеті ұлттың рухани айнасына айналды. Бұл басылым халықтың саяси санасын оятты, ұлттық мүддені қорғады.
Ұлт ұстазының еңбегі бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін баға жетпес қазына. Ол – тек өткеннің ғана емес, болашақтың да шамшырағы. Оның тілді, білімді, ғылымды дамытуға бағытталған идеялары әлі күнге маңызын жойған жоқ.
Ахмет Байтұрсыновтың өмірі – елге қызмет етудің, халыққа адалдықтың, ұлтқа жанашырлықтың үлгісі. Біз үшін ең үлкен парыз – оның мұрасын құрметтеп, дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңіру.