Әскер – елдің басына күн туа қалған жағдайда жүгінер ең маңызды күш. Отан қорғар әскер барда,қорғанымыз мықты бола бермек. Шүкір, бүгінде мемлекетіміздің арқа сүйер айбынды әскері бар.
Құқықтық тәртіп әскерінде жұмыс істеп, өмірінің 22 жылын әскери өмірге арнап, өз міндеттерін абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шыққанымен сүйікті ісінің нағыз жанашыры ретінде танылған, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдікәрімов Ерлан Асанұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.
— Саламатсыз ба! Ерлан Асанұлы, әңгімемізді өзіңізден бастасақ…
— Иә, рақмет! Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті борышы. Мұны баршамыз білеміз. Біздің халқымыз жоғары патриотизм рухында тәрбиеленген. Тек патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік қана кез келген мемлекеттің гүлденуі мен өркендеуіне кепіл болатын негізгі күш. Артымыздан ілесіп келе жатқан жас буын да ерліктің дастаны болған бабаларымыздың жолымен жүріп келеді. Бұл айтарлықтай қуантатын жәйт.
Ал өзіме келер болсам, 1971 жылы 9 қыркүйектеҚызылорда облысы Тереңөзек ауданы С.Сейфуллин совхозында дүниеге келдім. №137 1 май қазақ орта мектебінде 1987 жылға дейін оқып, 1987-1989 жылдары №10 кәсіптік-техникалық колледжде білім алдым.
Қазіргі таңда алтындай үш перзенттің әкесімін. Екі қыз бен ұл тәрбиелеп отырмын.
— Әскери салаға қалай келдіңіз? Әскери қызметкер болуыңызға не түрткі болды?
— Өмірде адамның тағдырын айқындайтын екі нәрсе бар: оның бірі – мамандық. Мамандық таңдау деген – өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Мамандық таңдау бұл өте маңызды іс. Өйткені біз өзіміз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқарамыз.
Мен бала кезімнен армандаған мамандығымды таңдадым. Таңдаған мамандық – әскери маман болу және сол саланың қызметкері болдым да. Жас кезімнен әскери форма киген азаматтарды көріп, олардың сап түзеп жүргендеріне қарап, әскерден келген ағаларыма қызығатынмын. Содан болар, мен де әскери адам болуды армандап өстім.
Сол арманның жетегіне еріп, 1989-1991 ж.ж. әскер қатарына қосылып, міндетімді сол кездегі Чехословакия, Белоруссия мемлекеттерінде өтедім. Әскерден кейін өзім туып өскен С.Сейфуллин совхозында ауыл шаруашылығында алғашқы еңбек жолымды бастадым. Форма кию туралы бала күнгіарман естен еш кетпеді, сөйтіп 1999 жылы мамандандырылған күзет қызметіне орналасып, 2003 жылы Қызылорда қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ЗК 169/5 түзеу мекемесінің күзетіне ауыстым. 2011 жылы Ішкі әскердің, қазіргі Ұлттық ұланның, 5547 әскери бөліміне ауысып, бақылаушы, аға бақылаушы, әскери жасақ бастығы лауазымдарында қызмет атқарып, сол саладан еңбек демалысына шықтым. Әскери маман болған соң, Отанға деген сүйіспеншілік және оны қорғау керектігін түсіндім. Жас сарбаздарды әскери өмірге қалыптасуға баулыдым.
— Әскери қызметкер болу мінезіңізге, өміріңізге қалай әсер етті?
— Әскери салада болғаным өміріме, әсіресе мінезіме жақсы әсер етті. Біріншіден, қатаң тәртіпке үйренесің, сол тәртіптің арқасында өз сөзіңе берік, сертіңе адал боласын. Екіншіден, маңыздылығы кем емес, уақытты бағалай білесің, жоспарлап жүруді үйренесің. Ең бастысы, онсызда лүпіл қағып тұрған патриоттық сезім лаулап үлкен алауға ұласты.
Бойымдағы осы қасиеттер балаларымның бойынанда табылды. «Әкеге қарап ұл өсер», — дегендей ұлым Әділхан мен қызым Асылзат әскери жолды таңдады, Тоғжаным фармацевт, қазіргі таңда тұрмыс құрып,Ақтөбе қаласында тұрып жатыр.
— Соңғы жұмыс орныңыздағы қызметінізтуралы айтып берсеңіз? Кімді тәлімгер санайсыз?
5547 әскери бөлімі – мен үшін орны бөлек,көңіліме ыстық жер. Ондағы әр атқарған қызметімде көптеген басшылардан сабақ алдым. Солардың бірі – 5547 әскери бөлімінің алғашқы командирі полковник Асатулла Абдувахабұлы Құлахмедов. Запасқа шықса да, құқықтық тәртіп әскерінің қызметіне етене араласып, сарбаздарға патриоттық тәрбие беру ісіне мол үлесін қосып келеді. Қазір «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесі төрағасы, ол кісіден үйренгенім көп, тәлімгерім ретінде алғысым шексіз.
Жалпы Ұлттық ұлан әскері – мен үшін еліміздің әрбір ер жігітін нағыз азамат, тегеурінді тұлға ретінде қалыптастыратын, темірдей тәртіп пен адал жүректі болуға тәрбиелейтін бірден-бір жоғарғы орган.
— Қазіргі таңда ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде атқарып жатқан жұмысыңыз жайлы айта отырсаңыз.
— 5547 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінде 75 ардагер бар. Елімізде аталып өтетін барлық мерекелерде ардагерлер әскери бөлімге жиналып, әскери бөлімнің қызметкерлерімен бірлесе іс-шаралар өткізіп, қызметте жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүрген жауынгерлер мен белсенді ардагерлерімізді марапаттап тұрамыз. Біздің ардагерлер кеңесінің мақсаты – артымыздағы жас қызметкерлерге тәлім тәрбие беру және қызмет атқарған уақыттарымыздағы жиналған тәжірибелерімізбен бөлісу.
Ардагерлер әскери бөлімдерге барғанда өздерінің өмірлік бай және кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жас командирлерге практикалық әрі әдістемелік көмек көрсетіп тұрады. Бұл – дәстүрге айналған үрдіс.
— Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз.
— Жастарға анттарыңа берік болып, еліміздің тыныштығын қорғап, адал қызмет етіңдер деймін. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды», — деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, ең бастысы – тәртіпті болу. Тәртіп бар жерде – тәрбие бар.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Тұрсынай Шәрін,
Қызылорда қаласы