Өткен жылдың қысында ғана Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан әскерінің №5547 әскери бөліміне шақырылып, белгіленген мерзімде міндетін абыроймен атқарған 147 сарбазымызүйіне қайтты.
Отан алдындағы әскери борышын өтеу әрбір ердің – азаматтық борышы. Ал енді сол міндетті абыроймен атқару – жігіттің жүрегін түкті, ерік-жігерін мықты етеді. Сарбаздар бір жыл бойы әскери өмірдің қыр-сырын бойларына сіңіріп, әртүрлі ауқымдағы тактикалық оқу-жаттығуларға қатысты. Жаңа машықтарды игерді. Қаруды дұрыс қолданып, нысананы дәл көздеуді үйренді. Отан алдында борышын өтеу кезінде сарбаздарымызәскери мамандықты меңгеріп, жауынгерлік даярлықта елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Олар бірнеше мәрте іс жүзінде жоғарғы жауынгерлік машықты паш ете отырып, киелі Қызылорда шахарында қоғам тыныштығын қырағылықпен күзете білді.
Кеше ғана торсықтай ғана бала болып келген, бүгінде ер атанып, салмақты да сабырлы, намысы мен қайрат-жігері айқын көрініп тұрған тарландарымызды шығарып салу салтанатты шарасы әскери бөлімнің саптық алаңында ұйымдастырылып, оған бөлімнің әскери қызметшілері мен Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Қазіргі таңда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздар үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Мәселен, жоғары оқу орындарында тегін білім алу сынды жағдайлар қарастырылған. Біздің де сарбаздар осындай игі істен қалыс қалмады. Бақтарын сынап емтихан тапсырған 6 жауынгеріміз Мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл қуантарлық жәйт.
Салтанатты жиында бөлім командирі подполковник Ерген Бастамиев жеке құрамды маңызды іс-шарамен құттықтап, сөз сөйледі. Сөзінде: «Елім деп еңіреп туған ерлердің ерлігі мен елдігі еш уақытта елеусіз қалмайтыны анық. Осындай атаққа жетіп, ел тарихында аттарың қалатын батыр ұл болуларыңа тілектеспін. Сіздердің әрқайсысыларыңыз кез келген уақытта Отан қорғауға дайын болатын азамат болғандарыңызға сенімдімін. Мен үйіне қайтамын деп жатқан барлық сарбаздарға, олармен бір жыл бойы бірге болған барлық офицерлер мен сержанттарға алғысымды айтамын. Ата – аналарыңызға нағыз отан қорғаушыларды тәрбиелеген үшін ризашылығымды білдіремін»,-деді.
Бөлімнің жеке құрамының алдында сап түзеген запасқа шығатын әскери қызметшілер салтанатты түрде Жауынгерлік Туымен қоштасу рәсімін бір кісідей атқарып, жеке құрам алдында асқан ұйымшылдық танытты.
Қызметтік міндеттерді адал орындап, жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген сарбаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Қызметтегі ең үзік он сарбаздардың анасы«Отан қорғаушының анасы» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай ақ бөлім командирінің атынан запасқа шығарылған бірқатар әскери қызметшілердің ата аналарына алғыс хаттар жіберілді.
— Бүгін мен үшін қуанышты күн. Үйге, туған топырағыма қайтқалы тұрмын. Ең алдымен, күн демей, түн демей білім мен машыққа үйреткен, темірдей тәртіп пен төзімді болуға тәрбиелеген, қолыма қару ұстатқан командирлеріме, сержанттарыма, қасымда болған қарулас жолдастарыма басымды иіп алғысымды айтамын. Үйде сағына күтіп отырған әке-шешем, бауыр – қарындастарым бар. Болашақта осы әскери қызмет саласында еңбек етуді көздеймін, — деді сарбаз ефрейтор Шоқай Мерейхан.
Ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын кең байтақ Қазақстанымыздың түпкір-түпкірінен жиналған, елін, жерін қорғайтын азаматтарымыздың қанаттары қатайып, сары ауыз балапаннан ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен қыран құсқа айналған ер-азаматтарымызды шығарып салып, тек сәттілік тілейміз.
Қызылорда қаласы
№5547 әскери бөлім
Шәрін Тұрсынай Сабырқызы